Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне» орай ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқаудың марапаттау рәсімін өткізді.

Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақтілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған байқауға 16 үміткер қатысты.

Байқау Ережесінің талаптарына сай 19 мақала, 8 сайт мақаласы, 2 телебағдарлама, 2 радиобағдарлама «Мемлекеттік тіл және БАҚ байқауына» айдарымен жарияланды.

Мемлекеттік тілдің барлық қызмет көрсету саласында қолданылуына оң әсер ету, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өскелең жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген шынайы сүйіспеншілігі мен ұлттық-патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында өткен облыстық байқауда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Рысдәулет Мақұлбек Қайыпбекұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д., «Дулатитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы, Қазақстан жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, республикалық Егемен Қазақстан газетінің меншікті тілшісі Есаман Хамит Ерболатұлы, республикалық «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Абдиев Ерман Қанжанұлы, «77ТВ» телеарнасының» директоры Қуат Зарина қазылық етті.

Қазылар алқасының ұйғарымымен «Үздік мақала» номинациясы бойынша:

Бас жүлде «Бас әріптерді қолдана білеміз бе?» және «Бұл тілдік жаңа белеске көтерілу» мақалалары үшін – Ыбырайым Әзімханға;

І орын «Өз тіліміз өгейдің күйін кешпеуі керек», «Сатылмас, сарқылмас қазынадан құр қалма!» мақалалары үшін – Қарасаева Қамарға;

ІІ орын «Мемлекеттік тілдің мәртебесі орталықпен оңалса игі», «Тілге деген жанашырлық жетіспейді» мақалалары үшін – Нүрпейісова Перизатқа;

ІІІ орын «Атасы бөлек, ары тұр…» және «Ұлт бәйтерек, тамыры – тарих, діңгегі – тіл» мақалалары үшін Қарасаева Салтанатқа берілді.

«Тілім барда тірімін», «Округ пе, Аймақ па?» Әлде… атты мақалалары үшін Дүйсенбек Орманов, «Ана тілің – арың бұл…», «Ұлты – түрік, жазған өлеңі қазақша» мақаласы үшін Досалы Есет, «Алашұбар атаулардан қалай арыламыз?», «Тілі басқа болса да – тілегі бір» мақалалары үшін Сатылғанов Саятхан тілдерді дамыту басқарманың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша «Тағы да қазақ тілі жайында…», «Латын графикасына көшу – рухани жаңғырудың басты құндылығы» мақалалары үшін Мырзабаева Балмира бас жүлде иеленсе, «Көк көз көкөрім неге жылады?», «Ақталу» мақалалары үшін Ахмет Баймаханбет, «Бізге де бір Оғыз Доған қажет шығар», «Тіл үшін күрес ұлтараздықты қоздыру емес» мақалалары үшін Сағиева Шынар Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша Асқарұлы Даниярға, «Үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша Иманбаева Райханға бас жүлделер берілді.

 

Марапаттау рәсіміне өңірдегі БАҚ өкілдері мен тіл жанашырлары қатысты