Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ұйымдастыруымен облыстағы бірнеше тілді меңгерген жастар арасында «Көп тіл білу – басты міндет» атты облыстық полиглоттар форумы өтті.

Көптілділікті насихаттау, қазақстандық рухани бірлікті нығайту, іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретінде көп тілді меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсетіп, жан-жақты дамыған бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған форум полиглоттардың Абайдың  қарасөздерін қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз, түрік, қытай, испан, қырғыз, өзбек, кәріс тілдерінде орындаудан басталды.

Шараны басқарма басшысы Құрманбекова Сұлушаш Сәтбекқызы  мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Саурықов Ерболат Байұзақұлы ашып, республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен полиглоттарды, тіл саясатын насихаттау бағытында белсенділік танытып жүрген жастарды марапаттады.

Сондай-ақ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің инженер-бағдарламашысы, 7 тілді (қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб, француз, кәріс) жетік меңгерген полиглот, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әлімбек Нұрсұлтан Амангелдіұлы, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, 6 тілді (қазақ, орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз) жетік меңгерген және республикалық «Тіл – тұнық ойдың кәусәрі» олимпиадасының Бас жүлдегері Сеңгербекова Балжан Амангелдіқызы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің аудармашысы, 7 тілді (қазақ, орыс, ағылшын, испан, түрік, итальян, қытай) жетік меңгерген Жақсылықова Сабина Орынбекқызы өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды бірнеше тілді меңгеруге шақырды.

«Тілім – тірегім»  композициясында Елбасының көп тілді меңгеру қажеттілігі туралы айтқан сөздері экранға жазылса, Тараз қаласындағы №9 балабақша бүлдіршіндері «Болашақ полиглоттар» композициясын орындады.

Шара соңында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 2 курс студенті, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерін меңгерген, «Дарындылар шоқ жұлдызы» республикалық байқауының жеңімпазы, Ресей-Қазақстан жастар форумының делегаты, Сағадинов Төлеген Теміржанұлы үндеу оқып, жастарды көп тілді меңгеруге шақырды.

Форум облыстық филармония әншілерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Форумға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен жауапты қызметкерлері, студенттері, облыстағы бірнеше тілді жетік меңгерген полиглот жастар, республикалық, облыстық тіл байқауларының жеңімпаздары, республикалық және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы