Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілер күніне орай  «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқауын ұйымдастырды.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мақсатында өткізілген байқауды облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы С.Құрманбекова мен  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Н. Еркебаев ашып, қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Байқауға мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерінен құралған 12 топ қатысты.

Ереже талаптары бойынша бірінші кезеңде әр топ өздерінің атауы мен ұрандарын таныстырса, «Жер-судың аты – тарихтың хаты» кезеңінде лэд-экран арқылы берілген бейнероликтегі танымал жерлердің атауын тауып, тарихына тоқталды. «Қазақ сөзі» кезеңі бойынша тіл туралы айтылған қанатты сөздердің жалғасын тауып, қойылған сұрақтарға жауап берді. «Мәңгілік Ел – Мәртебелі тіл» тақырыбында театрландырылған көріністер көрсетті.

Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Жамбыл ауданы әкімі аппаратының «Жалын» тобы, бірінші орынды Жамбыл облысы әділет департаментінің «Семсер» тобы, екінші орынды  Меркі ауданы әкімі аппаратының «Меркі қырандары» және Талас ауданы әкімі аппаратының «Талас тарландары» тобы, үшінші орынды Жамбыл облысы бойынша соттар әкімшілігінің «Тіл жанашырлары» тобы және Шу ауданы әкімі аппаратының «Жас қанат» тобы иеленді.

Байзақ ауданы әкімі аппаратының «Ынтымақ» тобы, Сарысу ауданы әкімі аппаратының «Жас қыран» тобы, Жамбыл облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің «Еңселі ел» тобы арнайы номинациялармен, ал ҚР инвестициялар және даму өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» тобы мен Жуалы ауданы әкімі аппаратының «Ұлы дала жастары» тобы Алғыс хаттармен марапаталды.