Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығын арттыру, 2018 жылдың І жартыжылдықта жүргізілген зерделеудің қорытындысы бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығы» тақырыбында облыстық семинар өткізді. Семинарға облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары, тілшілер, тіл жанашырлары қатысты. Шараны басқарма басшысы С.Құрманбекова жүргізді.

Семинар барысында облыстық, қалалық басылымдарға жүргізілген зерделеу нәтижесі туралы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Рысдәулет Мақұлбек Қайыпбекұлы баяндады. Аудандық басылымдарға жүргізілген зерделеу нәтижесі туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д., «Дулатитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы баяндама жасады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында тіл сауаттылығы деңгейі жылдан жылға артып келетініне тоқталып, бұл ілгерілеудегі облыстық тілдерді дамыту басқармасының қосып жатқан үлесін атап өтті. Жуалы аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Құлыбаев Марат «Тіл сауаттылығы – басты міндет!» тақырыбында аудандық газеттің атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Ішкі саясат басқармасы басшының орынбасары Бегалиев Берік Дүйсенбайұлы сынды дұрыс қабылдау және ақпарат көзінің шыңайылығына мән беру керектігін тілге тиек етті.

Жарыссөз барысында өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар мен сұрақтарға жауап берілді. Атап айтқанда, тілдерді дамыту басқармасының қолдауына алғыс айтылып, осындай пайдасы мол жиындар жиі өткізіліп тұрса деген тілектер айтылды.