Ағымдағы жылдың 29 қыркүйегі күні мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері мен облыстағы этномәдени бірлестіктер арасында «Ана тілім – айбыным» атты Тіл фестивалі өтті.

Шараның мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мен маңыздылығын кеңінен насихаттау және өңірдегі түрлі этностардың ана тілдерін дамытуға қолдау көрсету.

Тіл фестивалін басқарма басшысы Құрманбекова Сұлушаш Сәтбекқызы ашып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы белсенділігі үшін өңірдегі тіл жанашырлары мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін марапаттады.

Облыстық шара қазақ халқының ұлттық биімен басталып, 9 ұлттың өкілдері – аналардың халықтар достығы мен татулығын сипаттайтын «Аналар тілегі» композициясымен жалғасын тапты (қазақ, қарашай-балқар, неміс, украин, өзбек, поляк, дүнген, татар, еврей).

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Рысдәулет Мақұлбек Қайыпбекұлы фестивальға қатысушыларды құттықтады.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің (орыс, кәріс, неміс, украин, өзбек, еврей, дүнген, татар, қытай, әзірбайжан) орындауында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты композиция орындалды.

Форум соңында Жамбыл облыстық филормониясы бишілерінің орындауында «Достық» композициясы, яғни, түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін киіп, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлттардың достығын би арқылы ұсынып, патриоттық әндер шырқалды.

Форумды тамашалауға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңірдегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, тіл жанашырлары және облыстағы БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы