.

№95 (18442), Бейсенбі, 24 тамыз, 2017 жыл

Тіл – халықтың рухы

Сұлушаш Құрманбекова,

облыс әкімдігінің тілдерді дамыту

басқармасының басшысы.

№95 (18442), Бейсенбі, 24 тамыз, 2017 жыл

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялаған болатын.  Сондай-ақ, мемлекет басшысы Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру – үшінші жаңғырудың басты мақсаты екендігін айқындап бергені баршаға мәлім. Осы мақсаттарға жету үшін 5 негізгі басымдықтың төртіншісі – адами капитал сапасын жақсартуға арналғаны кездейсоқ емес. Қоғамның басты құндылығын адами капитал деп, оны стратегиялық міндет ретінде таныған қазақстандық даму жолы – барша елдерге үлгі болары даусыз.

Осы Жолдауда: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді», деді Елбасы. «Тіл – халық рухы, ал халықтың рухы – оның тілінде» деп белгілі ғалым В.Фон Гумбольт айтқандай, ел бірлігін, ұлтымыздың рухани коды – тілі мен ділін, мәдениетін сақтау мәселесі қазіргі кезеңде үлкен міндеттердің бірі болып отыр. Елбасының: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас», «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз» – деген сөздері ана тіліміздің ұлтты біріктіретін, бірлік пен ынтымаққа ұйыстырудағы ролін айқындай түседі.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді меңгерудің басым бағытын іске асыру үшін мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай 80 пайызға және 2020 жылға қарай 95 пайызға арттыру көзделген. Осы бағытта облыста мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Атап айтсақ, алғашқы жартыжылдықта тілдерді оқыту орталығында 1612 тыңдаушы тіл үйрену курстарынан өтсе, 3115 түрлі сала қызметкерлері КАЗТЕСТ диагностикалық тестілеуінен өтті. 719 мемлекеттік қызметкер 2017 жылы қолданысқа енгізілген Ұлттық стандарт негізінде ҚАЗТЕСТ сертификаттық тестілеуін тапсырды.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген этномәдени бірлестік өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында түрлі облыстық байқаулар мен семинар-кеңестер ұйымдастырылып келеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер арасында «Мемлекеттік тіл–мемлекеттік қызметте» байқауы, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауы өткізіліп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру шаралары ұйымдастырылса, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері арасында «Мен көп тіл білемін» атты жаппай акция ұйымдастырылды.

Тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен, «Қазақстан-Тараз» телеарнасымен тығыз жұмыстар жүргізілуде. Басқарма «Қазақстан-Тараз»  телеарнасымен бірлесіп үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген жастарға қолдау көрсету мақсатында «Тіл білгірі» зияткерлік телебағдарламасын ашты. Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап аталған бағдарлама  эфирге шықты.

Облыста үш тілде білім беруді дамытуды көздейтін 2017-2019 жылдарға арналған  кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес  «Полиглоттар клубы» құрылып,  барлық аудандар мен Тараз қаласында «Тілдік алаң» ашылып, жұмыс істеуде.

Алдағы уақытта үш тілді меңгерген жастарға қолдау көрсету мақсатында «Тілдарын» олимпиадасы, «Тіл – парасат» облыстық байқауы және «Көп тіл білу – басты міндет» облыстық полиглоттар форумы және «Тіл – татулық тірегі» жастар форумы мен Тіл фестивалін өткізу жоспарланып отыр.

Біз «облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, сәуір-мамыр айларында  аудандар мен Тараз қаласында мемлекеттік тілде сауатты іс жүргізу мақсатында шеберлік сыныптары ұйымдастырдық. Оған 587 мемлекеттік қызметкер қатысты.  Мемлекеттік бағдарламада этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесін  2020 жылға қарай  80 пайызға  арттыру көзделген. Сондықтан, біз «Тіл дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, этномәдени бірлестік өкілдеріне мемлекеттік және ана тілдерін оқытуды қолға алдық. Жыл басынан бері жексенбілік мектептерде неміс, қытай, түрік, кәріс тілдері оқытылуда. Облыс көлемінде тілді насихаттау бағытында атқарылған іс-шаралар нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 96,72 пайызға жетіп отыр.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» дей келе, «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс», – деп нақты міндеттер қойды.

Баршаңызға белгілі, латын қарпіне көшу мәселесі елімізде алғаш көтеріліп отырған жоқ. Мемлекет басшысы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында және 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы –  қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу туралы қадап айтқан еді.

Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау, ұлттық модернизацияның, жаңғырудың мызғымас бөлігі. Қазіргі кезеңде латын графикасына көшуге қатысты жұмыстарға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты басшылық жасауда. Лингвист, компьютерлік бағдарлама дайындайтын мамандар, филолог ғалымдар мен сарапшылардан құралған арнайы комиссия жұмыс жүргізуде. Түрлі жобалар сараптамадан өткізілуде.

Латын жазуына көшу – мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің нығайтатын және тәуелсіз Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосатын маңызды қадам.

Сондықтан, «Әліпби реформасы – заман талабы» десек, оған көшудің тиімді жолдары, осы мақсатта атқарылатын іс-шараларды халық арасында кеңінен түсіндіру, насихаттау – басты міндетіміз. Латын әліпбиіне көшудің дайындық жұмыстарына баршамыз белсене қатыссақ, алға қойған мақсаттарға жетеріміз анық.

Осы бағытта біздің басқарма жүйелі жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр.

Биыл мамыр айында басқарманың ұйтқы болуымен  «Латын әліпбиіне көшу – тіл реформасының бір сатысы» атты облыстық ғылыми практикалық конференция өткізілген болатын. Оған филология ғылымдарының докторы, профессор,  ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі Ш.Құрманбайұлы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Н.Әміржанова сияқты республика көлемінде танымал ғалымдар қатысып, ой бөліскен. Алдағы уақытта да осы бағытта тың жобалар жүргізуді ойластырып отырмыз.

Елбасы өзінің стратегиялық маңызға ие мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тари­х­­тан сыр шертеді.Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын.

Өңіріміздің әрбір атауының астарында өткен тарихтың, аңыздың, қатпарлы сыры мол шежіренің, шырайлы шындық жатыр. Сондықтан, жер-су атауларын қастерлей отырып, оның тарихи атын келер ұрпаққа жеткізу – өңір ономастикасын дамытудың басты бағыты болып отыр.

Жыл басынан бері елді мекендер мен көшелерге және нысандарға атау беру жұмыстары Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірде кездесетін идеологиялық тұрғыда ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту бағытында жүргізілуде.

Мысалы, Жамбыл ауданында Жеңістің 30 жылдығы, Байзақ ауданында Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектептер болса, Совхозная, Шоссейная, Коммунистическая, Жеңістің 40 жылдығы атындағы көшелерді тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларға ауыстыру қажет. Сондай-ақ кісі аттарына мейілінше шектеу қойылғандығын да облыс тұрғындарының білгені жөн.

Өңірімізде бір елдімекенде бір атаудың бірнеше рет қайталануы көптеп кездеседі. Осындай жұмыстарды ретке келтіру мақсатында үстіміздегі жылдың маусым айында аудандар мен Тараз қаласында «Ұлттық ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында көшпелі семинарлар ұйымдастырылды, брифинг өткізілді.

Басқарма тарапынан облыстағы нысандар мен көшелердің, елді мекендердің атауларына талдау жасалып, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарымен бірқатар нысандар мен көшелердің атаулары өзгерді. Облыстық ономастика комиссиясының отырысында 87 көшені қайта атауға байланысты оң қорытынды берілсе, 8 мектеп пен 1 кітапхана атаулары өзгертілді.

Сонымен қатар, 82 көшенің атаулары  қысқартылып жазылған, кімдерге берілгендігі белгісіз болғандықтан, бүгінгі күні нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Облыста көшелерді біріздендіру жұмыстары қолға алынуда. Бүгінгі күні 1128 көше жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтамасыз етілді.

Өңірдегі әрбір мемлекеттік мекеменің маңдайшасы – сол мекемеменің атауын айқындап тұрады. Бұл ретте облыстағы мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары Қазақстан Республикасының Заңнама талаптарына сәйкес болуы және сауатты жазылуы қажет. Ағымдағы жылдың 25 cәуірі – 24 мамыры аралығында басқарма тарапынан «ҚТЖ-Жүк – тасымалы» АҚ-ның Жамбыл бөлімшесі мен облыстық Ішкі істер департаментіне қарасты мекемелердің сыртқы көрнекі ақпараттары мен деректеме тілі Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкестігі зерделеніп, анықталған қателіктер қалыпқа келтірілді.

Елбасы Жолдауындағы тиісті тапсырмалар мен міндеттерді алдағы уақытта да жүйелі түрде атқарып, маңызды құжат аумағында мағыналы жұмыстарымызды жандандыра түсетін боламыз.

БӘРІН КӨРУ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған