Жамбыл облысы әкімдігінің тілдері дамыту басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ағымдағы жылдың 27 қазанында Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі республикалық  жұмысшы тобының мүшесі, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру – әдістемелік орталығының директоры Тілешов Ербол Ердембекұлының облыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тіл жанашырларымен, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен, мемлекеттік қызметкерлер және белсенді жастармен кездесуін өткізді.

Кездесудің мақсаты – қазақ жазуын латын графикасына көшірудің маңыздылығын түсіндіру, ұсынылған әліпби жобасы туралы мәлімет беру.

Кездесуді «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры М.Төлепберген жүргізіп, қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі мәселесі бір күнде болмағанын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде-ақ бұл мәселенің қозғалғаны, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нақтыланып, таяу жылдардағы міндеттердің айқындалғаны және бүкілхалықтық қызу талқылауға жалғасқанын мерекелік салтанатты леппен таратып айта келіп, сөзді Е. Тілешовке берді.

Е.Тілешов латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі республикалық жұмысшы тобының соңғы уақыттағы атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталды. Жұртшылық, зиялы қауым, ғалымдар тарапынан әр алуан ұсыныстардың көп болғаны, оның барлығы дерлік жұмысшы тобында қаралып сараланғаны айтылып, әлемдік тәжірибедегі харіп ауыстырудың принциптері таратылып баяндалды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшуі туралы Жарлыққа қол қоюы енді кезеңдік атқарылуға тиісті жұмыстарға жол ашқаны, бұл міндеттерді орындауда тілші, әдіскер ғалымдардың мойнында үлкен жауапкершіліктің жүгі барлығы, білікті кадрлардың дайындалуы мәселесінортаға салды.

Сондай-ақ, шара барысында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры А.Абдуалы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Т.Әбдіқадырова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор С.Құлбарақ, республикалық тіл байқауының жеңімпазы Б.Бекназаров өз ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді.

Кездесугеоблыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тіл жанашырлары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және белсенді жастар, БАҚ өкілдері қатысты.