Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің əдеп кодексі
(Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік əдеп қағидалары)

1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру
болып табылады жəне мемлекеттік қызметшілердің моральдық-əдептілік бейнесіне жоғары
талаптар қояды.
Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тəжірибесін өзі
жүзеге асыратын кəсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына
қалтқысыз əрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш
Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақтауға жəне оны дəйекті түрде жүзеге
асыруға тиіс.
2. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы əдеп кодексі (Мемлекеттік
қызметшілердің қызметтік əдеп қағидалары) (бұдан əрі – Кодекс) Қазақстан
Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі
туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015
жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-
əдептілік нормаларына сəйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-əдептілік бейнесіне
қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі
стандарттарын белгілейді.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте
өзара қарым-қатынастың жоғары мəдениетін қалыптастыруға жəне мемлекеттік қызметшілердің
əдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
3. Мемлекеттік органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда – орталық
атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгіленген тəртіппен орталық атқарушы
органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамдар, ал орталық
атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе аталған лауазымды адамдар болмаған
жағдайда – орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекс талаптарының орындалуын,
осы Кодекстің мəтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерде
орналастыруды қамтамасыз етеді.
4. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке тұрғаннан кейін үш күн мерзімде осы
Кодекстің мəтінімен жазбаша нысанда таныстырылуға тиіс.

2. Мінез-құлықтың жалпы стандарттары

5. Мемлекеттік қызметшілер:
1) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге,
мемлекеттік жəне басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дəстүрлеріне құрметпен қарауға;
2) адал, əділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-əдептілік нормаларын
сақтауға, азаматтармен жəне əріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен əдептілік
танытуға;
3) өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен əділдігін қамтамасыз етуге;
4) жеке жəне заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын
шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге;
5) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу
тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-əрекеттерге қарсы тұруға;
6) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кəсіби деңгейі мен біліктілігін
арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды
сақтауға;
7) өзінің іс-əрекетімен жəне мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер
болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің
қызметін жақсарту үшін пайдалануға;
8) жеке сипаттағы мəселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың,
мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік
жағдайын пайдаланбауға;
9) шындыққа сəйкес келмейтін мəліметтерді таратпауға;
10) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған
мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді жəне тек қызметтік
мақсатта ғана пайдалануға;
11) қызметтік тəртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап
жəне сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды жəне тиімді пайдалануға;
12) мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар
қабылдауға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде толығымен халықтың
сұранысына бағдар ұстануға;
13) жасағаны үшін заңнамада тəртіптік, əкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық
көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге;
14) іскерлік əдепті жəне ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау
кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен
жəне ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.

6. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын жəне онымен байланысты
мүмкіндіктерді қоғамдық жəне діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың
мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдарды атқаратындар, ұжымда өз
діни көзқарасын ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық жəне діни
бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мəжбүрлей
алмайды.

3. Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары

7. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:
1) жалпы қабылданған моральдық-əдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-
құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн жəне қоғамдағы
адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге;
2) қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық
жағдайын баса көрсетпеуге жəне пайдаланбауға;
3) өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тəртіпке жəне қауіпсіздікке қол
сұғушылыққа əкелетін заңнама талаптарын бұзуға жəне басқа азаматтарды құқыққа қарсы,
қоғамға жат əрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс.
4. Қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттары

8. Мемлекеттік қызметшілер əріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде:
1) ұжымда іскерлік жəне тілектестік өзара қарым-қатынасты əрі сындарлы
ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;
2) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік əдеп нормаларын бұзудың
жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауға;
3) ұжымда əріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке жəне кəсіптік
қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға;
4) əріптестерінің өз лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін əрекеттерге
(əрекетсіздікке) жол бермеуге міндетті.

9. Басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде:
1) өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, əділдіктің, риясыздықтың, жеке тұлғаның ар-
намысы мен абыройына құрметпен қараудың үлгісі болуға;
2) меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мəселелерін шешу
кезінде туыстық, жерлестік жəне жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық
көрсетпеуге;
3) олардың қызметінің нəтижелерін бағалау, сондай-ақ көтермелеу жəне жазалау
шараларын қолдану кезінде əділдік пен объективтілік танытуға;
4) еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет ету үшін қауіпсіз жəне қажетті
жағдайларды жасауға, сондай-ақ қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің
жəне қол сұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-
психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған шараларды қабылдауға;
5) қызметтік емес сипаттағы мəселелерді шешу кезінде олардың қызметіне ықпал етуге
өзінің қызметтік дəрежесін пайдаланбауға;
6) құқыққа қарсы қылықтарды, сондай-ақ жалпы қабылданған моральдық-əдептілік
нормаларына жат қылықтарды жасауға мəжбүрлемеуге;
7) оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, əдепсіздік
жəне орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге тиіс.

10. Төмен тұрған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер:
1) басшылардың тапсырмаларын орындау кезінде тек объективті жəне шынайы
мəліметтерді ұсынуға;
2) өздеріне мəлім болған қызметтік əдеп нормаларының бұзу жағдайлары жəне
мемлекеттік қызметке кір келтiретін тəртіптік теріс қылықтар туралы басшылыққа жəне əдеп
жөніндегі уəкілге дереу хабарлауға;
3) басшының заңды тапсырмаларын орындауға кедергі келтіретін əрекеттерді
(əрекетсіздікті) болдырмауға;
4) басшылыққа қатысты жеке берілгендікке, олардың қызметтік мүмкіндіктері есебінен
пайда жəне артықшылықтар алуға ұмтылуға жол бермеуге тиіс.
5) Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында
сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары

11. Мемлекеттік орган қызметінің мəселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның
басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уəкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге
асырады.
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей,
пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс.

12. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат жəне қызметі мəселелері жөніндегі өз
пікірін, егер ол:
1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сəйкес келмесе;
2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
3) мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да
мемлекеттік қызметшілердің атына əдепке жат сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында
білдіруіне болмайды.

13. Мемлекеттік саясатты жүргізумен, мемлекеттік органның жəне мемлекеттік
қызметшілердің қызметімен байланысты емес мəселелер бойынша мемлекеттік қызметшілердің
мемлекеттік органның атынан жарияланымдарына жол берілмейді. Педагогикалық, ғылыми жəне
өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке
тұлға ретінде тек өз атынан жүзеге асыра алады.

14. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық көріністерін жасаған деп көпшілік
алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай
мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.